Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында мұғалімдер де жиі соққыға жығылып жатады деп айтты. 

Журналист Денсаулық сақтау министрінен медицина қызметкерлеріне шабуыл жасайтындардың жазасы қандай баптармен қатаңдатылады деп сұрады.

Ермек Көшербаев осы сұраққа қосымша жауап бере отырып, мұғалімдердің құқығы туралы сөз қозғады.

— Тек медицина қызметкерлерін ғана емес, басқа салаларды да қорғау жүйесі болу керек деп есептейміз. Соңғы кезде мұғалімдер де шабуылға ұшырай бастады… Әрине, заңда мұғалімдердің құқығы заңмен қорғалатыны жазылған. Бірақ мұғалімдерге қарсы әрекет пен оның жауапкершілігі бір-біріне сай болу керек. Оны да қарастырып отырмыз. Біраз ұсыныс бар. Депутаттармен бірге ақылдасып, азаматтарға жеткіземіз деп ойлаймын, — деді Ермек Көшербаев.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге күш көрсеткендерге қарсы жазаны күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

«Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланатын болады», – деп жазды Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында. Баспасөз хатшысының айтуына қарағанда, бұл ұсыныс депутаттар, медицина саласының өкілдері және белсенді азаматтар тарапынан көтерілген.