Chevron Венесуэлада мұнай өндіруді жалғастыру үшін АҚШ билігімен келіссөз жүргізіп жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауына қарағанда, компания елдегі қызметін кеңейтуге мүмкіндік беретін лицензия шарттарын қайта қарауды көздеп отыр.

Chevron – Венесуэлада жұмыс істеп тұрған жалғыз ірі америкалық мұнай компаниясы. Бұған дейін АҚШ үкіметі компанияны баж салығынан босатып, ел аумағында жұмыс істеуге арнаулы рұқсат берген. Алайда 2024 жылдың маусым айында Дональд Трамп әкімшілігі Венесуэла президенті Николас Мадуроға саяси қысымды күшейту мақсатында Chevron лицензиясына қосымша талаптар енгізді. Соның салдарынан компанияның мұнай экспорты тәулігіне шамамен 100 мың баррельге дейін қысқарған.

Егер Вашингтон тарапынан рұқсат берілсе, Chevron бұрынғы өндіріс және экспорт көлемін қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар АҚШ билігі Венесуэладан мұнай экспорттауға басқа да америкалық компанияларды тартуды қарастырып жатыр. Олардың қатарында Valero Energy, Exxon Mobil және ConocoPhillips компаниясы бар.

Бүгінде Венесуэланың мұнай қоры 303 млрд баррель. Бұл әлемдегі көмірсутек қорының шамамен 17 пайызы. Мұнай қорының көлемі бойынша Венесуэла Сауд Арабиясынан да озып тұр.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай