2025 жылы Қазақстандағы автокөлік нарығы жоғары қарқынмен дамып келеді. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» дерегіне сүйенсек, қараша айында елде 25 804 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 22,7%-ға артық және бір айдағы сатылым бойынша абсолют рекорд болып отыр.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың алғашқы 11 айында 207 616 жаңа автокөлік сатылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 15,6%-ға жоғары әрі Қазақстандағы ресми авторитейл тарихындағы ең жоғары нәтиже ретінде тіркелді.

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуына қарағанда, қарашадағы сатылым көлемі отандық автонарықтың тұрақты өсімге шыққанын аңғартады.

«Қарашада ресми дилерлер 25 мыңнан астам автокөлік өткізді. Бұл рекордтық нәтиже. 11 айдың қорытындысы бойынша нарық өткен жылдың толық көлемінен асып түсті. Алда әлі белсенді сатылым кезеңі бар. Дилерлер қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, арнайы акциялар мен жеңілдіктер ұсынып жатыр. Әдетте, желтоқсан автокөлік сатып алуға ең қолайлы ай», – деді ҚАО президенті.

Қараша айындағы автонарықтағы көшбасшылар

Қарашада автонарықтағы көшбасшылар құрамында өзгеріс болды. Chevrolet бренді 7 777 автокөлік сатып, айлық сатылым бойынша бірінші орынға шықты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 76%-ға өсім көрсеткен.

Екінші орында Hyundai – 5 261 көлік (+37,9%), ал үшінші орынға Kia – 1 990 көлік (+23,1%) жайғасты.
Сонымен қатар Jetour бренді 1 326 көлік (+43,7%) сатып, қарқынды өсім көрсетті. Toyota – 1 252 көлікпен (+3,4%) үздік бестікке енді.

Ал Chery мен Haval брендтерінде сатылым төмендеді, тиісінше -25,9% және -24,9%. Үздік ондықты Changan, Geely және Jac толықтырды.

Қарашадағы ең сұранысқа ие модельдер

  • Chevrolet Cobalt – 7 105 дана

  • Hyundai Tucson – 1 945

  • Kia Sportage – 1 320

  • Hyundai Mufasa – 1 019

  • Hyundai Elantra – 907

  • Haval M6 – 641

  • Hyundai Santa Fe – 614

  • Chevrolet Onix – 609

  • Changan CS55 Plus – 498

  • Hyundai Sonata – 487

Айта кету керек, бұл модельдердің барлығы Қазақстанда құрастырылған.

11 айдың қорытындысы бойынша нарық көшбасшылары

  • Hyundai – 45 220 көлік (+19,3%)

  • Chevrolet – 33 486 (+26,5%)

  • Kia – 21 481 (+1,9%)

  • Jetour – 13 012 (+55,6%)

  • Chery – 12 518 (-7%)

  • Haval – 10 424 (+7,8%)

  • Changan – 10 131 (+31,6%)

  • Toyota – 10 075 (+2,9%)

  • Geely – 9 020 (+24,6%)

  • Jac – 8 787 (-13,4%)

Еске сала кетелік, қараша айының ортасынан бастап Қазақстандағы ресми автодилерлер жеңілдіктер, арнайы акциялар және тиімді несие бағдарламаларын іске қосты. Бұл факторлар автокөлікке деген сұраныстың артуына айтарлықтай әсер етті.