Bloomberg пен Reuters агенттіктерінің хабарлауына қарағанда, OpenAI қызметкерлері акцияларын сатқаннан кейін компания капитализация бойынша SpaceX-тен озып кетті. Енді оның құны 500 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Жасанды интеллект саласындағы көшбасшылардың бірі – америкалық OpenAI компаниясы Илон Масктың SpaceX компаниясын артта қалдырып, әлемдегі ең қымбат стартапқа айналды. ChatGPT әзірлеушісінің құны 500 млрд доллар болды. Компания мұндай көрсеткішке бұрынғы және қазіргі қызметкерлерінің шамамен 6,6 млрд еуро болған акциясын сатқан соң жеткені хабарланды.

Агенттіктердің мәліметінше, сатып алушы тарап – Thrive Capital, SoftBank Group, Dragoneer Investment Group, MGX және T. Rowe Price сынды компанияларды біріктірген инвесторлар консорциумы. Осы мәміле нәтижесінде OpenAI бағасы 2025 жылдың басында SoftBank жүргізген сараптама кезіндегі 300 млрд долларлық бағадан әлдеқайда жоғары болды. Бұл компанияға әлемдегі ең ірі стартап мәртебесін иеленуге мүмкіндік берді.

OpenAI-дың 2025 жылдың алғашқы жарты жылындағы табысы шамамен 4,3 млрд доллар
The Information басылымының жазуына қарағанда, OpenAI-дың 2025 жылдың алғашқы алты айындағы табысы 4,3 млрд доллар шамасында болған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың жылдық табысынан 16%-ға жоғары. ChatGPT әзірлеушісі мәтіндік боттар саласында көшбасшы болып қана қоймай, сурет пен бейнені автоматты түрде жасайтын басқа да жасанды интеллект құралдарын ұсынады.

Еске сала кетелік, бұған дейін әлемдегі ең қымбат жеке компания болып Илон Масктың SpaceX компаниясы саналды. Оның құны 350 млрд доллар деп бағаланған. Ал ең бай адам ретінде Ларри Эллисон екенін жазған едік.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай