Бюджеттен 45 млрд теңге бөлінген Әуезов театрының құрылысы қаржы жетпеуіне байланысты тоқтап тұр
Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың дау тудырған реконструкциясына қатысты жағдай ушыға түсті. Бұл туралы Kursiv басылымы жазды.
Журналист Полина Шиманскаяның айтуына қарағанда, ғимаратты жөндеуге жауапты BI Group құрылыс компаниясы бюджетте қаражаттың болмауына байланысты құрылысты уақытша тоқтатқан. Ал реконструкцияға 45 миллиард теңге бөлінген.
«Уәде етілген қаржы қазір бюджетте жоқ. Сондықтан реконструкциямен айналысып жатқан компания құрылысты консервациялауға мәжбүр болды. Салдарынан театр ұжымы басқа ғимараттың сахнасында қойылым қоюға мәжбүр», — деді Шиманская.
Ал құрылыс компаниясы өкілдерінің сөзіне қарағанда, ғимараттағы түпнұсқа «Қонаев дәуіріндегі» мәрмәр сақталады. Жаңа плиталар Текелі кен орнынан жеткізіліп, театрдың тарихи келбеті бұзылмайды.
«Театрдың тарихи құндылығын бейнелейтін элементтер сақталып, тек қайта қалпына келтіріледі. Ішкі барельефтер қапталып тұр, біз оларды қозғамаймыз», — деп мәлімдеді реконструкция жобасы басшысының орынбасары.
Журналист сондай-ақ құрылыс алаңынан түсірілген кадрларды жариялады. Бүгінде жұмыс толық аяқталмаған: ғимарат пен интерьердің басым бөлігі бұзылған, тек көтергіш тіректер ғана өз орнында.
Мұхтар Әуезов атындағы театрды жөндеу 2024 жылы басталды. Жобаның тапсырыс берушісі — театрдың өзі. ҚР Мәдениет министрлігінің хабарлауына қарағанда, жөндеудің нақты құны барлық жұмыс аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады. Реконструкция кезінде театрдың ішкі тарихи қалпы да өзгерді. Кей құнды жәдігердің қоқысқа тасталғаны анықталды. Олардың арасында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Торғын Тасыбекованың портреті де бар.

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театры 1981 жылы салынған. Оның авторлары — сәулетшілер Ораз Баймұрзаев, Асқар Қайнарбаев және Марат Жақсылықов. 1982 жылы осы монументалды жоба үшін ғимараттың авторлары Қазақ КСР-інің мемлекеттік сыйлығына ие болған.
Жоспар бойынша, театрдың реконструкциясы 2026 жылы аяқталуға тиіс еді. Алайда қазіргі жағдайға байланысты құрылыс әлі де аяқтала қоймайды.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай