Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева республикадан өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі артқанын айтты. Сонымен қатар, еліміздің өңірлерін инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейінің әр түрлі екенін атады.

Бүгінде Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары донор саналады. Еліміздің он жеті өңірі республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің есебінен күн көріп отыр.

«Осы үш донор өңірден республикалық бюджетке 2024 жылы 470 млрд теңге түскен, ал республикалық бюджеттен аймақтарға субвенция түрінде 5,3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Айырмашылықты өздеріңіз көріп отырсыздар. Іс жүзінде барлық өңір республикалық бюджет есебінде деуге болады. Осы жерде айту керек, жергілікті бюджеттердің кірістері соңғы 6 жылда 3 есеге өскеніне қарамастан, республикадан өңірлерге берілетін субвенция көлемі де артып отыр», — дейді Еспаева.

Дания Еспаева келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы субвенциялар көлемі 978 млрд теңге болса, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 10 жыл ішінде 5 еседен асқан.

«Бұдан басқа, республикалық бюджеттен әлеуметтік нысандар салу сияқты өңірлердің инфрақұрылымын құруға жұмсалатын нысаналы даму трансферттері де бар. Дегенмен, өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі, яғни теңестіру болмай отыр», – деді ол.