Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау педагогикалық кадрларды даярлау жүйесін сынға алды. Ол Мәжілістің жалпы отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдап, мемлекеттің неліктен мемлекеттік білім беру жүйесінде сұранысқа ие емес мамандарды даярлауға миллиардтаған қаражат жұмсайтынын сұрады. Саясат Нұрбек министрліктің педагогикалық кадрларды даярлау мәселесін бақылауға алғанын, жүйелі шешім қабылданғанын алға тартты.
Ал Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың сөз алып, Саясат Нұрбектің жауабына көңілі толмағанын жеткізді.
Осы орайда, TIM Group (TIMG) компаниясының директоры, BPI — Үздік практикалар зертханасының негізін қалаушы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының екі мәрте стипендиаты Ерназ Есбергенов еліміздегі кадр даярлау мәселесін саралап, Мәжілісте есеп берген Білім және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жауабына қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар еліміздің өндіріс саласындағы проблемаларды ашық талдады.
Ерназ Есбергенов депутат сауалын саралап, өндіріс саласын дамытуға қажетті ұсыныс айтты:
— Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілісте есеп берді. Депутат нақты сұрақ қойды — неге мемлекет миллиардтаған теңге жұмсап, кадр даярлайды, ал түлектердің 90%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді? Министр түрлі деректер мен түсініктемелер келтірді, бірақ мәселенің түбірі өзгермейді: жүйеде нақты байланыс жоқ — инвестиция, өндіріс, университет және кадр дайындау бөлек-бөлек жүреді.
Өндірісте жүрген адам ретінде бұл мәселені күн сайын көреміз. Жаңа жобалар бастаймыз, желілер кеңейіп жатыр — ал қажетті маман жоқ. Немесе бар, бірақ тәжірибелік дағды жетіспейді.
Менің ұсынысым:
1. Мемлекеттік инвестиция → нақты өндірістік жоба → кәсіпорын → оқу орны → түлек тізбегі нақты жүйе ретінде құрылуы керек;
2. ЖОО мен колледждер «диплом беру» емес, нақты өндірістік тапсырысты орындауы тиіс. Аймақтық және салалық ерекшеліктер ескерілуі қажет;
3. Ғылыми зерттеулер де елдің өндірістік сұранысына бағытталуы тиіс. Әсіресе қолданбалы және инженерлік салада. Мемлекеттік қаржыландыру нақты нәтиже беретін жобаларға бөлінуі керек.
Бұл жеке бір министрдің емес, бүкіл жүйенің міндеті. Үкімет, бизнес пен білім беру секторы бірлесе әрекет етпейінше, нәтиже болмайды. Егер біз шын мәнінде білім мен ғылымға бөлінген ресурстың қайтарымын көргіміз келсе, жүйе біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуге тиіс, — деді маман.
Кейіннен өз мақсаты жайлы сөз қозғап, жүйелі іс атқарудың мән-маңызына тоқталды:
Өндірістік тиімділік, басқару мәдениеті мен стратегияны іске асыру — кәсіби фокусым. Мақсатым — мемлекет, бизнес және білім беру арасындағы жүйелі байланысты нығайту арқылы ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізу, — деді Ерназ Есбергенов.

Еске сала кетейік, кеше кадр дайындау және еңбек нарығын игеру мәселесіне қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов сынға алған еді.