АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ирандағы наразылық акцияларына қатысып жатқан азаматтарға үндеу жариялап, бұзақылыққа шақырды.

Ақ үй басшысы ирандықтарды наразылықты жалғастыруға шақырып, «көмек жолда келе жатқанын» мәлімдеді.

Иран патриоттары, наразылық акцияларын жалғастырыңыздар —  ғимараттарды басып алыңыздар! Кісі өлтірушілер мен зорлық-зомбылық жасағандардың есімдерін ұмытпаңыздар. Олардың жазасы ауыр болады. Наразылық білдірушілерді негізсіз өлтіру тоқтатылмайынша, Иран шенеуніктерімен барлық кездесуді доғардым. Көмек келе жатыр. Біз Иранды қайтадан ұлы елге айналдырамыз! — деп жазды Дональд Трамп.

Бұған дейін АҚШ президенті Иранға қатысты ең қатаң сценарийлерді қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитттің айтуынша, президент қажет деп тапқан жағдайда әскери тетіктерді қолданудан тайынбайды. Дегенмен дипломатия Вашингтон үшін басым бағыт болып қала береді.

Сондай-ақ Дональд Трамп Иранмен ынтымақтастық орнатқан елдерге 25 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетінін жариялады.