Қазақстанда биыл 190 өнеркәсіп жобасы іске асырылады деп хабарланды

Қазақстанда 2025 жылы жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Индустрия және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, аталмыш жобалардың жүзеге асуы 23 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. .
Өнеркәсіптік бастамалар арасында тау-кен, металлургия кешендері маңызды нысан саналады. Бұл салада жалпы құны 444 млрд теңге болатын 28 жоба жүзеге асырылып, 6,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Олжас Сапарбековтің айтуынша, осы бағытта іске асырылып жатқан ірі жобалар қатарына мыналар кіреді:
- Қарағанды облысындағы тік тігісті болат құбырлар мен алюминий радиаторларын шығару жобасы;
- Түркістан облысының алюминий профильдерін өндіру желісі;
- Ақмола облысында алюминийден бұйымдар шығару жобасы;
- Павлодар облысындағы ферроқорытпа өндірісі жобасы;
- Жамбыл облысындағы катодты мыс өндіру зауытының құрылысы.
Аталған жобалар еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген және өндірістік инфрақұрылымның дамуына елеулі үлес қосады деді саясаткер.
Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстан жалпы сомасы 14,3 трлн теңге болатын 17 жоғары өңделген жобаны іске асырып жатыр. Бұл жобалар отандық өнімнің қосылған құнын арттырып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті арттырады.
Атап айтқанда, бұл бастамалар:
— жоғары технологиялық құрал-жабдықтар өндірісін,
— экспортқа бағдарланған өнімдер шығаруды,
— өңдеу өнеркәсібін тереңдетуді қамтиды.
Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп саясатын әртараптандыру мен өңірлерде теңгерімді даму моделін қалыптастыруға басымдық беріп отырғанын нақтылады. Өндірістік жобалар қатарында:
— жұмыссыздық деңгейін төмендетуге,
— инфрақұрылымды ілгерілетуге,
— жергілікті кадрлардың әлеуетін арттыруға,
— технология бойынша тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған жобалар бар.
190 өнеркәсіп жобасының Қазақстанның технология, индустрия мен экономика тұрғысынан жаңғыруына себеп болатыны хабарланды. Аталған бастамалар тек өндірістік қуатты арттырумен шектелмей, әлеуметтік тұрақтылық, аймақтардың дамуы және ұлттық экономикадағы сапалы құрылымдық өзгерістерге жол ашатыны айтылды.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай