Қазақстанда бірінші сыныпқа құжат қабылдау процесі жалғасып жатыр. Қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінен басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Мектепке барған балалардың басым бөлігі ана тілінде білім алуға ниет еткен.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта 274 мың бала бірінші сыныпқа қабылданды. Балалардың 70%-ы қазақ тілінде білім алатын болады.

Орайы келгенде айта кетейік, мектепке құжат тапсыру келесі жолдармен жүзеге асырылады:

• eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы;
• eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы;
• мектепке барып, қағаз түрінде тапсыру арқылы.

Құжаттарды қабылдау демалыс және мереке күндерін қоспағанда жұмыс күндері жүргізіледі. Былтырғы 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 351 176 бала бірінші сыныпқа қабылданған.

Ең көп бірінші сынып оқушысы Түркістан облысында тіркелді. Атап айтқанда – 44 мыңнан астам бала. Ал Алматы облысында — 34 мың, Астана қаласында 26 мың бала бірінші сыныпқа барады.