Әлеуметтік желіде қазақ авторлары мен шетел шығармаларын насихаттауға бағытталған «Бірге кітап оқиық» жобасы жүріп жатыр. Жобаны блогер Санат Ілияс және Жаңабике Қабылда жүргізеді. Олар отбасымен бірге кітап оқып, оқырмандарды осы үрдіске қосылуға шақырады.

Дереккөз: birge_kitap_oqiyq

Жобаның шымылдығы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романымен ашылған.

“Бірге кітап оқиық” жобасы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Амантайұлы Жарқынбек ақын Ықылас Ожайдың “Қалам ұшына тұңған сыр” және Мейіржан Әуелханұлы “Жасанды интеллект әліппесі” кітабын оқырман қауымға ұсынды.

Жоба ережесіне сай келесі кітап таңдау кезегін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапаққызына жолдады.

Бұған дейін жобаға Абай облысының әкімі Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атсалысқан.

Орайы келгенде айта кетелік, әр он күн сайын келесі оқылатын кітап жарияланып, күн сайын оның оқу барысы мен талқылануы YouTube платформасында, TikTok, Instagram желілерінде шығып отырады. Соңында кітап авторымен немесе белгілі жазушы-публицистпен не болмаса кітаптағы кейіпкермен тағдырлас адаммен сұхбат ұйымдастырылады.

Жобаның мақсаты еліміздің және шетелдік жазушылардың туындыларын халық арасында кеңінен насихаттау және жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру. Сондай-ақ ата-аналарды балаларымен бірге кітап оқуға шақырып, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру. Балалар мен жасөспірімдердің арасындағы кітап оқуға қызығушылықты бәсекеге айналдыру.