Батыс Қазақстан даласында 30 мыңға жуық киік ауланды

Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары 30 қарашаға дейін созылады.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, облыс бойынша күні бүгінге дейін 30 мыңдай киік ауланды.
Оның сөзіне қарағанда, қыркүйек айына дейін киіктің тек текелері атылып келсе, қазіргі кезде аналығы мен биылғы төлі де ауланып жатыр.
— Бұл іске барлығы 14 бригада жұмылдырылса, соның 8-і ату, алтауы кораль әдісімен аулап жатыр. 120-дай адам алпыс шақты техника көмегімен жұмыс істейді. Күні бүгін киік Казталов, Жаңақала, Ақжайық аудандарында аулануда. Ақбөкеннің санына қарай мұндай жұмыс басқа аудандарда да жүргізіледі, — деді Н.Рахымжанов.
Оның айтуынша, осы өңірден 7 және көршілес Атырау облысынан «Батыс KZ 25» кәсіпорны етті қабылдап жатыр.
— Тұрғындар киік етін қайдан сатып аламыз? деген сауалды жиі қояды. Бұған байланысты айтарымыз, Орал қаласы маңында Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында орналасқан «Жеңіс» ЖК киік етін сатуда. Ал «Кублей» ЖШС ақбөкен етін қабылдағанмен, оны қалбыр жасау үшін жинақтап жатыр, — деді инспекция басшысы.
Еске сала кетелік, бұған дейін еліміздегі Зоология институты арнаулы негіздеме әзірлеп, киік санын реттеуге қатысты ұсынысын баян еткен:
— 2025 жылы Қазақстандағы Орал және Бетпақдала киіктерінің популяциясы рекордтық деңгейге жетті. Бұл жағдай киіктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне кіруіне әкелді. «Зоология институты» РМК тиісті биологиялық негіздемені әзірлеп, оны жануарлар дүниесі жөніндегі уәкілетті органға (ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті) ұсынды. Биологиялық негіздемеде көпжылдық және қазіргі ғылыми деректерге, сондай-ақ киіктің биологиялық ерекшеліктеріне сүйене отырып, олардың санын реттеу ұсынылған, — делінген министрліктің жауабында.
Бұл ұсынысқа сәйкес, киіктің ұрғашы және еркегін қоса алғанда, Орал популяциясынан – 460 мың, Бетпақдала популяциясынан 290 мыңын алу арқылы санын реттеу ескерілген. Жалпы алғанда, ауланатын киіктің саны — 20%.