Баламасы жоқ ерекше құрылғы ойлап тапқан «Болашақ» түлегі БҰҰ сыйлығына ие болды

фото: yu.edu.kz
Бірқатар инновациялық жобаларымен елге танылған инженер-өнертапқыш Нұрбек Еңсебаев бастаған «SEZUAL» жас ғалымдар тобы көру қабілеті жетілу жолындағы балаларды оқытуға арналған айрықша құрылғы ойлап тапты.
Нұрбек Еңсебаев бастаған болашағы зор жас ғалымдар тобы көру қабілеті жетілу жолындағы жандарға арналған Брайль электронды оқытушысын іске жекті. Қабілет қалыптастырып, білім мен сауатқа машықтандыратын құрылғы ерекше жандарға серпін беріп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі санауға мүмкіндік туғызады.
Нақтырақ айтсақ, ерекшелігі бар балалар кез келген тілді меңгеріп кете алады, оқуды үйренеді, тіпті музыка сырына үңіледі. Қазірдің өзінде 500-ден астам бала құрылғыны игеріп, қарым-қабілетін ұштауды бастап кеткені хабарланды.
Өнертапқыштар командасы аталмыш жетістігі үшін БҰҰ-ның арнайы сыйлығын иеленді.
— Бұл — ерекше деңгей! Бәріміз өнертапқыштарды көктен іздеп жүрміз. Міне, асылында, олар жанымызда жүр, — деп жазды kazakh_inform.
Қазірде АҚШ мамандары, Таяу Шығыс елдері қазақстандық құрылғыға қызығушылық танытып отыр.
— Бастапқыда біз бұл құрылғыны балаларға дайындадық, бірақ ерекшелігі бар ересектер де Брайльдің көмегіне жүгініп, сауат аша алады, — деді Нұрбек Еңсебаев.
Орайы келгенде айта кетейік, Нұрбек Еңсебаев — қарағандылық ғалым, «Болашақ»халықаралық бағдарламасының түлегі. Құрылғыны дайындау жайлы идея оған алғаш шетелде оқып жүрген кезінде келген. Оның айтуынша, Қазақстандағы көшелерде арбамен немесе таяқпен, есту аппараттарымен жүрген адамдарды жиі кездестіре бермейміз. Нұрбек біздің елімізде мұндай азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасалмағанына да қынжылады. Ғалымдар тобы қазір төл өнертабысы арқылы ел даңқын асқақтату жолында ізденіп жатыр.