Microsoft компаниясы маңызды мәлімдеме жасады. Әлемге коммуникация құрудың технологиялық құралы есебінде танылған Skype сервисінің жұмысы тоқтайды.
Компания баспасөз қызметінің ақпарына қарағанда, 2025 жылдың 5 мамырынан бастап Skype жұмысы тоқтайды.
Microsoft пайдаланушыларға тиімді ұсыныс айтқан. Олар Skype-тегі аккаунттары мен деректерінен айырылып қалмау үшін балама нұсқаға, яғни, Microsoft Teams платформасына өте алады.
Қолданушылар барлық қажетті ақпаратты жаңа сервиске көшіруге болады.
Компанияның мәліметінше, Skype-тың негізгі функциялары – қоңыраулар шалу, хабарлама жіберу, файл алмасу – бүгінде Teams платформасында толық бар.
Skype-тың нарықтағы орнын жоғалтуына смартфон дәуірінде техникалық жағынан ескіруі, Zoom, Discord, WhatsApp, тіпті өз ішіндегі Microsoft Teams секілді мессенджерлермен бәсекеге төтеп бере алмауы басты себеп болған. Қазіргі таңда Microsoft Teams ірі компаниялар мен ұжымдар арасында ең танымал корпоративтік байланыс құралына айналды, деп жазды kursiv.media.
Естеріңізге сала кетейік, Skype бағдарламасы 2003 жылы іске қосылған және ұзақ жылдар бойы интернет арқылы қоңырау шалуға арналған ең танымал құралдардың бірі ретінде нарықта танылды.