БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты есеп берді
Астана қаласында өткен шарада аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген тапсырмалардың облыста жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында негізгі экономикалық бағыттар бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілген. Биыл да бұл қарқын бәсеңдемей жалғасып отыр.
Құрылыс көлемі 9%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 4,1%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға артты. Ішкі сауда – 0,7%, көлік қызметтері – 1,2%, байланыс саласы – 6,2%, өнеркәсіп – 3,6% өсім көрсетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,4%-ға ұлғайды.
Жыл басынан бері өңірге 567 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 80 пайызы жеке секторға тиесілі. Алдағы бес жылда құны 4,4 трлн теңгені құрайтын 73 ірі жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашу жоспарлануда.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 17%-ға өсіп, 303 млрд теңгеге жетті. Шетелдік инвестиция тарту үшін Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдерімен келіссөздер жүргізіліп, өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 1 трлн теңгені құрайтын меморандумдар жасалды.
Әкімнің бастамасымен іске қосылған «Қаладан ауылға» жобасы қысқа уақыт ішінде қолдау тауып, қала маңынан мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылдарға көшті. Қоныс аударғандардың барлығы баспанамен қамтылып, тұрақты жұмысқа тұрған.
Шағын және орта бизнес өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Соңғы үш жылда МСБ субъектілерінің саны 57,6 мыңнан 59,2 мыңға өсті. Бұл салада шамамен 130 мың адам еңбек етеді. Өңірлік өнімдегі МСБ үлесі 36,7%-ға жетіп, БҚО республика бойынша үздік бестіктің қатарында.
Өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. 2023 жылдан бері денсаулық сақтау саласында 52 нысан салынды, оның 50-і «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді.
Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында 2023 жылдан бері 27 жаңа мектеп ашылды. Оның 9-ы – «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынған. Жыл соңына дейін тағы 3 мектеп іске қосылады.
2023–2025 жылдары өңірде 12 спорт нысаны пайдалануға берілді. Президент тапсырмасына сәйкес Орал қаласында 1200 орындық заманауи спорт кешені ашылды. Биыл жүргізіліп жатқан 9 нысанның бесеуі жыл соңына дейін аяқталады.
Соңғы үш жылда 11 мәдениет үйі мен мәдени-спорттық кешендер салынды. Биыл 7 мәдениет нысанының құрылысы жүруде, оның төртеуі жақын арада ел игілігіне беріледі.
Өңірде 1 500 шақырым автожол жөнделді. Оның ішінде 56 елді мекенге кіреберіс 560 шақырым жол жаңартылды. Сондай-ақ Оралды оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек және Бөкей Ордасымен байланыстыратын 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. ТОП-50 туристік нысандардың бірі саналатын «Хан Ордасы» музей-қорығына апаратын 21 шақырым жол да ретке келтірілді. Сонымен қатар 4 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.