Азаматтық келбеті айрықша тұлға еді. Белгілі қаламгер Мақсот Ізімұлы өмірден өтті
09.06.2025

Фото Мақсот Ізімұлының Facebook парақшасынан алынды
Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, аудармашы, ардақты әріптесіміз Мақсот Ізімұлы өмірден өтті.
Көшелі қаламгер, майталман журналистің қазасын ауыр қабылдаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы арнаулы жазба жариялады:
— Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, аудармашы, ардақты әріптесіміз Мақсот Ізімұлының өмірден озғанын естіп, қабырғамыз қайысты. Мақсот аға – тіліміз бен мәдениетімізді дамытуға айрықша үлес қосқан, әсіресе, тіл жанашырлары ортасы ерекше құрметтейтін тұлға еді. Ағамыздың азаматтық келбеті, ақжарқын мінезі, ұлтжанды өмірлік ұстанымы бізге мәңгілік үлгі.«Ұлттық аударма бюросында» аудармашы-редактор ретінде тіліміздің өркендеуіне, әлемге танымал туындыларды ана тілімізге аударуға орасан зор үлесін қосты. Атап айтқанда, Фредерик Старрдың “Ұмытылған ұлылық. Орталық Азияның Араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры”, Юваль Хараридің “Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы”, Бертран Расселдің “Батыс философиясы”, Лю Цысиньнің “Үш дененің жұмбағы”, “Тас түнек” сынды танымал туындыларды тәржімалап, шығармашылық еңбектің тамаша үлгісін көрсетті. Мақсот ағаның есімі мен жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасына, туыстарына, Ағаны ардақ тұтатын барша тіл жанашырларына қайғырып көңіл айтамыз, — деп жазды Рауан Кенжеханұлы.
-Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы да оқырман қауымға көңіл айтты:
— Белгілі жазушы, публицист, аудармашы Мақсот Ізімұлы 2025 жылы 9 маусымда 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Марқұммен қоштасу рәсімі 2025 жылы 10 маусым сағат 10-00 де Жазушылар одағының ғимаратында (Абылай хан даңғылы, 105 үй) өтеді, — деп жазды басқарма.
Мақсот Ізімұлы Батыс Қазақстан облысындағы «Орал өңірі» газетінде, республикалық «Зерде» журналында, «Ана тілі» газетінде, «Теміржолшы — Железнедорожник», «Аруана» басылымыдарында, «Жалын» журналында және «Қазақ энциклопедиясы» редакциясында түрлі қызметтер атқарды.
«Арыс» баспасының бас редакторы, «Астана ақшамы» газетінің әдеби редакторы болды. «Аяқталмайтын әңгіме» атты кітаптың, «Бедеріндей кестенің» әңгіме-повесть жинақтарының авторы. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша шыққан «Нарық нақыштары» деген анталогияға әңгімесі енген.