Қазақстанда дрон саласын індете зерттеп, ғылыми айналымға енгізуге талпынып жүрген жас зерттеуші Зарина Құтпанова көпшілік ықыласына бөленді. Ғалым ел арасында «Қазақтың дрон қызы» атанып кеткен. Өнертапқыш маман жоспарын бөлісіп,  отандық дрон дайындауға кіріскенін хабарлады. 

Зарина Құтпанова «Жібек жолы» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болып, шәкірттерімен бірге  ұшқышсыз ұшу аппаратын дайындап жатқанын хабарлады.

— Қазіргі уақытта біз оқушыларыммен бірге отандық дрондарды жасап жатырмыз. Оны жеке бизнес идея ретінде жетілдіру үстіндеміз. Біз дрондарды жасап шығарамыз, шетелдерден де түрлі техникалар алып келеміз. Бірақ оны кім қолданады? Бізде дрондарды қолданатын маман жетіспейді. Бұл — біздің адамдар білмегеннен емес, жалпы бұл сала енді дамып келе жатқандықтан. Менің негізгі мақсатым — дрондарды қалай басқару керектігін, пультті басқара отырып А пунктінен В пунктіне қалай баруға болатынын адамдарға үйрету, — деді ғалым.

Ғалымның айтуына қарағанда, дронның әлеумет үшін маңызы зор.

— Біз дрондарды су тасқыны, өрт секілді төтенше жағдайларда пайдалана аламыз. Мәселен, су тасқыны кезінде судың тереңдігі, одан қанша адам зардап шекті, жақын маңдағы ахуал қандай — бәрін қашықтан анықтай аламыз. Одан бөлек, күн панельдерінің де жұмысын бақылай аламыз. Қай күн панелі қанша уақытта істен шығуы мүмкін, қандай ақаулары бар, оның қай ұяшығын ауыстыру керек деген секілді мәселелерді біле аламыз. Егер адам өз аяғымен жүріп, 1 гектар жердегі күн панельдерін тексерер болса, бұл өте ұзақ уақытты алады. Ал, дрондармен өте ыңғайлы. Одан бөлек, жоғары вольтты электр желілерінің сымдарында қандай ақаулықтар барын жерде отырып-ақ тексеруге болады. Сондай-ақ мұнай саласында дрондар қарқынды қолданылып жатыр. 200 километр мұнай құбырын зерттеп шығу үшін үлкен бригада қажет. Ал оны 1 ғана дронның көмегімен анықтауға болады.

Зарина Құтпанова, сонымен қатар, еліміздің табиғатын жатсынбайтын дрон дайындауды көздейді. Қарапайым құрылғылардың Астана желіне шыдас бермейтінін айтады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару үшін арнаулы куәлік берілуге тиіс екенін, сатып алған дронды тіркеу қажетін ескертеді.

Орайы келгенде айта кетейік, Зарина Құтпанова – дрон ұшыру бойынша еліміздегі алғашқы PhD кандидат, отандық дрон дайындау ісін ілгерлетуге күш салып жүрген жас өнертапқыш.