Атом энергиясы агенттігінің орынбасары Ғұмар Сергазин Қазақстанда уран қоры 60 жылдан астам уақытқа жететінін мәлімдеді. Серғазиннің сөзіне қарағанда, елде шамамен 1 миллион тонна табиғи уран бар және бұл жақында ғана құрылысы басталған АЭС-ты толық іске қосуға жетеді.

Сонымен қатар Қазақстан Финляндиямен келіссөз жүргізіп жатқанын, онда екі атом электр станциясы жұмыс істейтіні және уран транзиті алдын ала келісілгенін атады.

Соңғы статистикалық дерекке сәйкес, Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында және тек Австралиядан ғана кем түседі. 

Еске сала кетелік, елімізде алғашқы АЭС құрылысы тамыз айында басталды. Станция Алматы облысы Үлкен ауылы маңына салынып жатыр. Жобаның ашылу салтанатында ҚР атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елімізде АЭС салу бастамасын қалың көпшілік қолдағанын айтты. Республиканың 70% халқы жалпыұлттық референдумда жобаны қолдап, мемлекет шешімімен келіскен. Әсіресе Үлкен ауылының 97% тұрғыны дауыс беріп, оның ішінде 90%-ы құрылысқа қарсылық танытпайтынын айтқан, деді Сәтқалиев. 

Құрылыспен «Росатом» айналысатынын, экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсылық танытқанын бұған дейін жазған едік. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалатынын да айтқандар көп. Сондай-ақ құрылысқа жұмсалатын 14 млрд долларды да Қазақстан Ресей банктерінен несиеге алатыны хабарланды

ҚР уран экспорты шамамен 3000 тоннаға артпақ…

2024 жылы елде 23 270 тонна уран өндірілген, ал 2025 жылы өндірісті 25 000–26 500 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. «Қазатомпром» ұлттық компаниясы ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша табиғи уранды өңдеу нәтижесінде алынған уран оксидінің концентратын шетелге жеткізеді, ал аз көлемін спот-нарыққа сатады. Компания сондай-ақ ядролық отынның жылу бөлетін түрін де экспорттайды.

«Қазатомпром», акцияларының 75%-ы мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. Мемлекет уран өндірумен өздігінен де, бірлескен кәсіпорындар арқылы да айналысады. Компания 2019 жылдан бері Лондон биржасында тіркелген.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай