Қазақстанның оңтүстігінде суармалы суға қатысты ахуал күрделі

Қазақстанның оңтүстігінде суармалы суға байланысты жағдай күрделі, алайда шамамен 600 млн текше метр су жіберу жөнінде келісім бар. Жылды шығынсыз аяқтауға болады, деп мәлімдеді Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Шардара су қоймасына су жеткізу маусымдық шаралар мен Өзбекстанмен жасалған келісімдер негізінде іске асырылып отыр. Бұдан бөлек, Қырғызстанмен Уч-Курган СЭС-інен жіберілетін судың көлемін ұлғайту жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Маусым айының соңында байқалған ағын судың төмен деңгейі жойылып, «Достық» каналы арқылы су беру тұрақты режимге келтірілді. Соңғы жылдары жауын-шашын мөлшері азайып, орташа температураның көтерілуі егістікті суаруға жұмсалатын судың көлемін едәуір арттырған. Бұл ирригациялық жүйеге қосымша жүктеме түсіріп отыр.
Қазақстанның оңтүстігінде су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін айтарлықтай проблемаға айналды. Дегенмен, кезекпен және түнгі суару тәртібі, қосымша су көздерін пайдалану, бақылауды күшейту және халықаралық келісімдер шеңберінде қабылданған шаралар жағдайды біртіндеп тұрақтандырды.
Қазір мамандардың айтуына қарағанда жағдай тұрақты. Еске сала кетейік, Қазақстан көздеген суын көрші елдерден алатынын хабарлап жазған едік.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай