Қазақстанның мемлекеттік қарызы елдің бюджетіне қарағанда көп. Атап айтқанла, қарыз бюджеттегі қаржыдан 6,2 трлн теңгеге асып, 32 трлн теңге болды. Бұл жайлы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді.

«Қазіргі кезде мемлекеттік қарыз бюджет көлемінен 6,2 триллион теңгеге асып, 32 триллион теңге болды. Тек осы қарызды өтеу үшін қазынадан жыл сайын 2 триллион теңге жұмсалады, бұл оның қысқаруына еш әсер етпейді” деді Бейсенбаев 18 маусымда 2024 жылдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкімет пен жоғары аудиторлық палатаның баяндамаларын талқылау кезінде. Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді.

Оның айтуына қарағанда, фискалдық қателіктер мен қарыздың көбеюі елдің бюджетіне қатер төндіріп отыр.
Депутат 2025 жылдың басындағы мәліметті алға тартты. Мәлімет бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы $1,5 артып, $168 млрд (86 трлн теңге) болған.

Жуырда Қазақстанның Қытайдан жиыны 6 млрд юань, яғни 425 млрд теңге (836 млн доллар) қарыз алатыны белгілі болған. Былтырғы дерек бойынша, Қазақстан Қытай алдында 4,7 триллион теңге немесе 9,2 миллиард доллар қарызы бар.

Америкалық Carnegie Endowment for International Peace қорының жазуынша, Қазақстанның Қытайға қарызы ЖІӨ-нің 3,5 пайызына тең, сол себепті Астана Пекин алдында өзін еркіндеу сезінеді. Астанаға несие беруші елдер қатарында Қытайдан бөлек Нидерланд, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Ресей және Бермуд аралдары бар.