Қазақстанның атом электр станциялары «Самұрықтан» шығып, арнаулы агенттік қарамағына өтті

«Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Самұрық-Қазына» қорынан Атом энергетикасы жөніндегі агенттікке өтті.
– «Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ҚР Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №861 Жарлығы бойынша Атом энергетикасы жөніндегі агенттікке бағынысты ұйымдар қатарына енгізілді, – деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.
Десе де, «ҚАЭС» ЖШС-нің жарғы капиталындағы 100 пайыз үлес «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының меншігінде қалып отыр.
АЭС салу жобасын жеделдету үшін «Самұрық» пен агенттік арасында арнайы басқару шарты жасалған.
– Осы шарт бойынша агенттікке «ҚАЭС» ЖШС-нің үлесін басқару құқығы берілді. Оның ішінде стратегиялық және операциялық сипаттағы шешімдер қабылдау өкілеттіктері де бар. Сонымен қатар, «ҚАЭС» ЖШС үлесін республикалық меншікке беріп, агенттікке бекіту бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп жазылған ресми мәліметте.
Айта кетейік, аталған агенттікті АЭС жөніндегі референдум кезінде Энергетика министрі болған Алмасадам Сәтқалиев басқарады.