Қазақстаннан кейін Қытай тағы бірқатар елге визасыз режим енгізді

фото: international.caixin.com
Ендігіде Бразилия, Аргентина, Чили, Перу және Уругвай елдерінің азаматтары Қытай Халық Республикасына визасыз кіре алады.
Визасыз режим мерзімі 2025 жылғы 1 маусымнан 2026 жылғы 31 мамырға дейін жалғаспақ.
Қытай Латын Америкасы мен Кариб аймағындағы елдерге алғаш рет визасыз режим енгізіп отыр. Осылайша, Қытай біржақты визасыз режим енгізген елдердің қатары 43-ке жетті.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин 28 мамырда өткен кезекті брифингте 2025 жылғы 9 маусымнан 2026 жылғы 8 маусымға дейін Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт және Бахрейн азаматтарына 30 күндік біржақты визасыз режим енгізілетінін хабарлаған болатын.
Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімге 2023 жылдың 17 мамырында қол қойған. «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, 2024 жылы Қазақстанға Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өскен.