Қазақстандықтардың 30%-дан астамы түнде өзін қауіпсіз сезіне алмайды

Қазақстандықтардың 30%-дан астамы түнде өзін қауіпсіз сезінбейді. Бұл көрсеткіш Ресей, Өзбекстан және Тәжікстаннан да төмен.
Gallup-тың жаңа сауалнамасының қорытындысы, әлем тұрғындарының 73%-ы түнде өз ауданында жалғыз жүргенде өзін еркін әрі қауіпсіз сезінетінін көрсеткен. Бұл — 2006 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
«Сіз тұратын ауданда түнде қорықпай жалғыз серуендей аласыз ба?» деген сұраққа қазақстандықтардың тек 67%-ы ғана «иә» деп жауап берді. Көрші елдерде бұл көрсеткіш жоғары: Өзбекстанда — 86%, Ресейде — 69%, Қырғызстанда — 77%, ал Тәжікстан тіпті 95%-дық нәтижемен түнде қауіпсіз топ-10 елдің қатарына кірді.
Өзін ең қауіпсіз сезінетіндер — Сингапур тұрғындары: жергілікті халықтың 98%-ы тіпті түн ортасында да жалғыз жүруге қорықпайды. Сауалнама қорытындысының ондығына Парсы шығанағы елдері (БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Кувейт) кірді. Мұнда қоғамдық институттарға сенім жоғары және көшедегі тәртіпке қомақты инвестиция құйылады.
Ал ең төмен көрсеткіш — Оңтүстік Африкада. Онда халықтың небәрі 33%-ы ғана өзін қауіпсіз сезінеді. Бұл елдегі мәселе соғыста емес, жиі болатын қылмыста, гендерлік зорлық-зомбылықта және әлеуметтік теңсіздікте. «Ең қауіпті елдер» қатарына Латын Америкасы мен Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері де кіреді.
Әр елдегі прогреске қарамастан, әлем бойынша әйелдер өзін ерлерге қарағанда шарасыз санайды. 2024 жылы әйелдердің 67%-ы түнде жалғыз көшеде жүргенде өзін жайлы сезінетінін айтса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 78% болған.
Қауіпсіздіктен көш бастаған елдер қатарында Гонконг пен Норвегия да бар.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай