Bali Media басылымы Индонезияда есірткіге байланысты қылмысты болған екі қазақстандық жайлы жазды. Басылымның хабарлауынша, екі азамат өлім жазасына кесілуі мүмкін. 

28 және 35 жастағы Қазақстанның екі азаматы Балиде ұсталды. Олар ұлттық агенттіктің есірткіге қарсы жүргізген операциясы кезінде қамауға алынған.

Қос азамат 11 сәуірде Сукаватидің Батуан ауданында тұтқындалды. Күдіктілерден 30 пакет метамфетамин тәркіленді.

Жергілікті полиция екі азаматты ерсі қылығын бақылағаннан кейін ұстаған.

«Олардың күмәнді әрекетінен соң ұсталды», — деді BNNP Bali бастығы бригадир Руди Ахмад Судражат.

Тергеу мәліметтері бойынша, есірткі қазір бостандықта жүрген  «EVIL»  есімді адамның бұйрығымен таратылған. Алдын ала тергеу көрсеткендей, күдікті азаматтардың Ресейде орналасқан халықаралық есірткі желісімен байланысы бар.

Ұсталғандардың екеуі де тергеу изоляторына қамалды.

Күдіктілер Индонезияның 2009 жылғы №35 Есірткі туралы Заңының 112(2) бабына сәйкес айыпталуы мүмкін.