Әлемдегі үздік кванттық офтальмолог Мұхит Құлмағанбетовтың жобасы халықаралық деңгейде мойындалып, «Алтын жүлдеге» ие болды
Қазақстандық офтальмолог, кванттық физика мен ЖИ маманы, Кардифф университетінің PhD Мұхит Құлмағанбетовтың «Entoptica» стартабы Гонконгта Ақпараттық және Коммуникациялық Технологиялар (ICT) сыйлығын жеңіп алды. Компания Hardware and Device санатында Бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар, олардың SLOPE құрылғысы (Structured Light Observation Perception and Evaluation) қазылар алқасынан Алтын жүлдеге ие болды. Мұхиттың зерттеу жұмысы көз ауруларын алдын ала анықтап, созылмалы дертті ЖИ мен кванттық физика арқылы емдеуге бағытталған.

SLOPE құрылғысы көздің жасқа байланысты макулодистрофиясын (AMD) ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазылар алқасы құрылғының инновациялық сипатын және қоғамға тигізетін оң әсерін ерекше атады.
Гонконг ICT Awards – Гонконгтағы ең беделді сыйлықтардың бірі. Entoptica үшін бұл жетістік – халықаралық деңгейде мойындалған еңбектің айқын дәлелі. Компания алдағы уақытта осындай озық технологияларды Қазақстанға енгізіп, елдің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.

Айта кетелік, Мұхит Құлмағанбетов кванттық офтальмология саласындағы әлемдегі ең озық маманның бірі. Ол ҚазҰМУ-дың Жалпы медицина мектебін тәмамдап, хирургия бойынша интернатурадан өтті. Кейін Қазақстан көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында резидентурадан өтіп, Ұлыбританиядағы Кардифф университетінде докторантураны аяқтады.
Мұхит Гонконг политехникалық университеті мен Канададағы Ватерлоо университетінің бірлесуімен құрылған кванттық офтальмология зертханасының жетекшісі. Оның зерттеулері көздің тор қабығындағы жасушалардың апоптозын ерте анықтауға бағытталған және глаукома, жасқа байланысты макулодистрофия мен Альцгеймер ауруын алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, Мұхит глаукоманы алғаш рет жасанды интеллект арқылы ерте анықтаған маманның бірі.
«Біз жасанды интеллектінің глаукоманы ерте диагностикалауға көмектесе алатынын анықтадық. Алдымен көздің зақымданған жасанды тор қабықтарды жасап, ауруды модельдедік. Оларды томографта түсіріп, сол суреттерді нейрожеліге салдық. Нейрожелі сау және зақымданған тіндерді ажыратуды, аурудың алғашқы өзгерістерін тануды үйренді. Әуелі ЖИ арқылы деректерді бақыладық, кейін жануарлардың суреттерін негізге алдық. Нәтижесінде, нақты пациенттің де топографиясын технология арқылы бақылап, ЖИ арқылы дерттің алдын алуды үйрендік , — дейді Мұхит.

Әр кезеңде нейрожелі глаукоманың белгілерін жоғары дәлдікпен көрсете алды, тіпті дәрігерлер диагноз қоя алмайтын ерте сатыларда да.
Қазір бұл зерттеу ғылыми зерттеу сатысында, Мұхит оның болашақта практикаға енетініне сенімді. Мұхит бүгінде EyeAI стартабын тіркеп, Гонконкта офтальмология, Data Science және инженерия саласының мамандарын біріктірген команда құрды. Олар технологияны ары қарай дамытып, клиникалық сынақтар мен медициналық тәжірибеге енгізуге дайындық жүргізіп жатыр.