Қазақстанда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнаулы талап бекітілді. Күзетшілерге қойылатын бірыңғай талаптар жайлы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеп, депутат сауалына жауап берді.

Премьер-министрдің тапсырмасымен арнаулы құжаттама әзірленген. Құжатнамада күзетшілерді іріктеудің нақты критерийлері, біліктілік деңгейі, инженерлік-техникалық жабдығының бар-жоғы сынды талаптар қамтылған.

Атап айтқанда:

  • күзетшілердің жасы – 25 жастан 50 жасқа дейін;
  • арнайы дайындығы болуы;
  • қарумен жүруге және пайдалануға лицензиясы бары;
  • сотталмаған болуы;
  • кеңсесі болуы;
  • жедел әрекет ететін кем дегенде 2 тобы болуы шарт.

Сонымен қатар мектептерде төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмдері бекітілген. Оған сәйкес жылына кемінде екі рет міндетті түрде теориялық және практикалық сабақтар өтеді. Іс-шараға төтенше жағдайлар және ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері де қатысады.

Бұған қоса білім беру мекемелерінде полицияның Жедел басқару орталығына қосылған цифрлық бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл камераларда жазылып қалған ақпарат отыз тәулікке дейін сақталады. 2022 жылдан бері 20 мың білім беру ұйымында дәл осындай 220 мыңнан астам камера орнатылған.