Алматы қаласында М.Тынышпаев атындағы ALT университетінің базасында Қазақстанның алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтын (ITST) құру туралы меморандумға қол қойылады. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылады.

Президенттің Жолдаулары мен сөздерінде көлік, логистика және транзит салалары елдің халықаралық экономикалық бәсекеге қабілеттілігінің басты факторлары ретінде аталған. Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасуы арқасында халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналу және транзиттік әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндіктерге ие. Ел аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 6 автожол және 5 теміржол бағыты бар.

ITST институты көлік саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыратын мамандандырылған ғылыми орталық болады. Институттың негізгі бағыттары:

  • Көлік жүйесін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздемелерді әзірлеу;

  • Транзит пен логистиканың тиімділігін арттыру;

  • Көлік инфрақұрылымының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету;

  • Инновациялық материалдар мен технологияларды енгізу;

  • Көлік нысандарын әртүрлі жол-климаттық жағдайларға бейімдеу.

Институттың маңызды ғылыми бағыттарының бірі – Қазақстан аумағының жол-климаттық аудандастырылуын нақтылау. Бұл зерттеулер көлік инфрақұрылымын жобалау, салу және пайдалану сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

ITST институтының құрылуы Қазақстанның көлік саласын ұзақ мерзімді дамытуға және Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік әлеуетін күшейтуге берік ғылыми-технологиялық негіз қалайды.