2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 12,3%-ға жетті. Бұл көрсеткіш алдын ала жасалған болжаммен сәйкес келді, деп хабарлады ЕАДБ. Еуразия даму банкі апта сайынғы макроэкономикалық шолуында Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей экономикасының негізгі үрдістерін атады.

Қазақстан

Үкіметтің коммуналдық қызметтер мен бензин бағасына мораторий енгізуі инфляцияны тежеуге әсер етті. Сарапшылардың пікірінше, бұл шара баға өсімінің қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік берді. ЕАДБ болжамынша, 2026 жылы жоғары пайыздық мөлшерлемелер сақталған жағдайда инфляция 9,7%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Беларусь

2025 жылдың желтоқсанында елдің алтын-валюта резервтері 0,53 млрд АҚШ долларына өсіп, 14,43 млрд долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Резервтердің өсуіне шетел валютасындағы активтердің 0,3 млрд долларға ұлғаюы және алтын бағасының айлық есеппен 3% қымбаттауы ықпал етті. Нәтижесінде, Беларусь алғаш рет халықаралық қауіпсіздікке қатысты үш айлық импортты жабу талабын орындады.

Қырғызстан

2025 жылдың қаңтар-қараша айларында коммерциялық банктердің кредит беру көлемі жылдық есеппен 35,8%-ға артты. Тұтынушылық кредиттеу үлесі 45,9%-ға жетіп, ішкі сұранысты сақтап, экономикалық белсенділікті арттырды. ЕАДБ болжамына сәйкес, 2026 жылы Қырғызстанның ЖІӨ өсімі 9,3% деңгейінде болады.

Ресей

III тоқсанда Ресейдің ЖІӨ жылдық есеппен 0,6%-ға өсті, бұл II тоқсан көрсеткішінен төмен. Тұтынушылық белсенділік жоғары болғанымен, инвестициялар қысқарды. Үй шаруашылықтарының тұтыну шығындарының 3,3%-ға өсуі экономикалық өсімге 1,7 пайыздық үлес қосты, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,1%-ға төмендеді. Орта мерзімді перспективада тұтыну өсімі сақталады, ал 2026 жылы экономиканың жалпы өсімі 1,4% деңгейінде болжанып отыр.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай