Қазақстанда құбыр өткізгіштерін салуға түбегейлі жаңа көзқарас ұсынатын ұлттық стандарт бекітілді. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті СТ РК 4008-2025 «Мұнай және газ өнеркәсібі. Құбырлар. Болат құбырлардың интерференциялық механикалық қосылысы. Жалпы талаптар» атты жаңа стандартты ресми түрде бекітті.

Бұл стандарт құрылыс саласына болат құбырларды интерференциялық механикалық тәсілмен қосу технологиясын енгізуге қатысты қабылданды. Ел аумағында бұрын-соңды қолданылмаған бұл әдіс дәнекерлеуді қажет етпейді және құрылыс мерзімін бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді. Осы технология бойынша зауытта алдын ала дайындалған құбырлар (бірі — раструбы бар, екіншісі — конусы бар) бір-біріне жоғары қысыммен қосылады. Нәтижесінде орнату кезінде де, құбырдың бүкіл пайдалану мерзімінде де жүктемелерге төтеп бере алатын берік әрі герметикалық металл-металл қосылысы түзіледі.

Жаңа технологияның басты артықшылығы — жылдамдық. Интерференциялық қосу әдісімен құбырларды монтаждау дәстүрлі дәнекерлеуге қарағанда жеті есеге жылдам жүргізіледі. Сонымен қатар, құбырларды осы тәсілмен қосу иілуге, созылуға және өзге де механикалық әсерлерге төзімді, бұл әсіресе күрделі геологиялық және климаттық жағдайларда құбыр төсеу барысында аса маңызды. Дәнекерлеп жатпай-ақ, осы әдіспен құрылыс жұмыстарын жыл бойы, ауа райына қарамастан жүргізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ трассада жұмыс істейтін мамандар саны азайып, еңбек шығындары мен өндірістік тәуекелдер төмендейді.

СТ РК 4008-2025 стандартының қабылдануы бұл технологияны Қазақстанның мұнай-газ саласына және құбыр көлігі қолданылатын өзге де салаларға кеңінен енгізуге нормативтік негіз қалыптастырады. Бұл — инженерлік инфрақұрылымды салуға деген көзқарасты жаңғыртуға, қауіпсіздік пен өнімділікті арттыруға, сондай-ақ ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда технологиялық тиімділікті көтеруге бағытталған маңызды қадам.