Қазақстан жасанды жерсерік құрастырып, шетелге экспорттамақ
Алдағы уақытта Қазақстанда жерді қашықтан зондтайтын жаңа спутниктер құрастырылып, оларды шетелдік нарыққа шығару жоспарланды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында мәлім етті.
Министрдің айтуына қарағанда, Жасанды интеллект министрлігінің қарамағында отандық спутниктерді өндіруге арналған арнайы кешен бар. Қазір осы өндіріс орнын толық автоматтандыру бағытында жұмыс жүріп жатыр.
«Болашақта бұл кешенде жерді қашықтан зондтауға арналған кемінде 5–6 спутник жасалады. Олардың бір бөлігін экспортқа шығару жоспарда бар. Жалпы алғанда, 75 миллион доллар көлемінде сыртқы нарыққа өнім сатуды жоспарлап отырмыз», — деді Жаслан Мәдиев.
Мәдиевтің сөзінше, бұл Қазақстан тарихындағы технологияны экспорттаудағы алғашқы тәжірибенің бірі болмақ.
Бұған дейін министр 2027 жылы Қазақстан аумағында Amazon компаниясының Project Kuiper спутниктік интернет қызметі іске қосылуы мүмкін екені де хабарланды.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай