Қазақстан қолжетімді тұрғын үй рейтиңінде Ресей мен Грузияны басып озды
Geostatistica агенттігінің келтірген дерегіне қарағанда, қазақстандықтар Ресей, Грузия, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан тұрғындарына қарағанда пәтер сатып алу үшін қажет соманы тез жинап, өз баспанасын ала алады.
Орталық Азия мен ТМД елдерінде әр адам өз пәтеріне ақша жинау үшін барлық орташа жалақысын жинақтаған жағдайда 10–17 жыл қажет. Осы елдердің ішінде Қазақстан тұрғынының жинағы ең тиімді саналады. Елімізде орташа жалақы — $830 (431,9 мың теңге), ал пәтердің орташа құны — $76,3 мың (39,7 млн теңге) болғанда, пәтерге ақша жинау 7 жыл 8 айды құрайды. Бұл рейтиңтегі ең қысқа мерзім.
Қазақстаннан кейінгі орында:
Грузия — 10 жыл;
Беларусь — 11 жыл 2 ай;
Ресей — 12 жыл 11 ай;
Қырғызстан — 13 жыл 6 ай;
Тәжікстан — 15 жыл 9 ай;
Өзбекстан — 16 жыл 9 ай.
Жинақ мерзіміндегі айырмашылық тұрғын үй бағасы мен орташа жалақы деңгейінің алуан түрлілігімен түсіндіріледі.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, қазан айында Алматыдағы жаңа үйлер бағасы қыркүйекпен салыстырғанда 2,9%-ға қымбаттаған. Қаладағы қайталама нарықтағы баспана 2,1%-ға өскен. Астанада қыркүйектегі ( +5,1%) баға өсімінен кейін қазан айында жаңа да, ескі де тұрғын үй бағасы өзгеріссіз қалған.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай