Қазақстан мен Қытай бірлесіп карбамид өндіретін зауыт салмақ

Қазақстан мен Қытай бірлесіп карбамид зауытының құрылысын көтереді. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары кезінде мұндай келісімге қол қойылған.
Қытайдың CNPC корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» және Ақтөбе облысының әкімдігі арасында карбамид зауытының құрылысын көздейтін инвестициялық жоба жүзеге аспақ.
Аталған жоба мұнай-газ химиясы саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ең ірі бірлескен кәсіпорындардың бірі болады деп айтылды. Сонымен қатар өкілдердің хабарлауынша, жоба ел экономикасын әртараптандыруға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Зауыт Ақтөбе облысында, Жаңажол газ өңдеу зауытының (ЖГӨЗ) маңында салынады. Шикізатпен қамту осы ЖГӨЗ базасында жүргізіледі және жылына 600 млн м³ дейін тауарлық газ жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 800 мың тоннаға дейін карбамид өндіру. Жалпы инвестиция көлемі – 1,25 млрд АҚШ доллары. Жобаны іске асыру мерзімі – 2024–2029 жылдар.
Құрылыс кезеңінде 3 000-ға дейін, ал пайдалану кезеңінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылады деп айтылды.