«Қазақстан мен Қырғызстан 2025 жылы туристерге ұнаған елдер қатарына енді». Vogue журналы тізім жариялады
Қазақстан мен Қырғызстан беделді Vogue журналының редакторлары 2025 жылы жеке барып көрген ең үздік туристік бағыттардың тізіміне кірді. The 14 Best Places Vogue Editors Visited in 2025 деп аталған рейтиңке журнал редакциясының өкілдері барған елдер мен нақты локациялар енген. Материалдың авторы — Vogue редакторы Анна Грейс Ли. Бұл туралы Kazakh Tourism хабарлады.
Тізімде Орталық Азия елдерімен қатар Италия, Румыния, Нью-Йорк, Грузия және Дания да бар. Тізімде нақты елдер аталып, қала мен өңірлерге де басымдық берілген. Vogue редакторларының айтуына қарағанда, бұл саяхат олар үшін ерекше әсер қалдырған және ары қарай саяхаттауға шабыт беретін орындар ретінде таңдалған.
Анна Грейс Ли Қазақстан туралы әсерін ерекше ықыласпен баяндады. Редактордың айтуынша, 2025 жылдың күзінде ол бір жылдан астам уақыт бойы Reels таспасында көз алдынан кетпей жүрген сапарға ақыры бел буған. Ұзақ жолдан кейін, шамамен отыз сағат пен екі рет рейс ауыстырған соң, Алматы қаласына табан тіреген. Анна Алматыдағы кеңестік стильдегі бульварлар мен тұрғын үйлерді, қалаға жақын орналасқан тауларды және жергілікті дәмханалардың атмосферасын ерекше атады. Ұлттық асханамен танысу да оның сапарының маңызды бөлігіне айналған. Ол Ayul мейрамханасында кешкі ас ішіп, ұсынылған «керемет» мөлшердегі бешбармақты ерекше ықыласпен еске алатынын жеткізді.

Алматыдан кейін Анна Грейс Ли Қырғызстанға бет алып, маршруттық көлікпен шекараға дейін барған. Бұл сапар бөлігінде оған ең қатты әсер қалдырғаны киіз үйлерден құралған этно-лагерь мен аспандағы жұлдыздардың ерекше айқындығы. Таза ауа мен табиғаттың тыныштығы Орталық Азияға тән рухты терең сезінуге мүмкіндік бергенін жазды.
Vogue редакторларының бұл таңдауы Қазақстан мен Қырғызстанның халықаралық туризмдегі беделі артып келе жатқанын көрсетеді. Табиғи көріністері, бай мәдениеті мен ұлттық асханасы арқылы Орталық Азия әлемдік саяхатшылар үшін барған сайын тартымды бағытқа айнала түсті.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай