Қазақстандық QazCode IT-компаниясы  Пәкістанның ең ірі телеком-операторы – JazzWorld компаниясымен серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаты Пәкістанның мемлекеттік тілі урдуға арналған алғашқы ауқымды тілдік модельді (LLM) әзірлеу болып отыр. Жоба өңірдегі жасанды интеллект экожүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Меморандумға 4 ақпанда Исламабад қаласында өткен қазақ-пәкістан бизнес-форумы аясында қол қойылды. Форум жұмысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Осы оқиға екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын айқындай түсті.

Бастаманың негізінде Қазақстанның ұлттық тілдік моделі KazLLM әзірлеу тәжірибесі жатыр. Қазақстан тарапы пәкістандық серіктестеріне KazLLM архитектурасын, деректер жиынтығын (датасеттерді) және тестілеу сценарийлерін ұсынатын болады. Сонымен қатар келісім аясында зерттеу орталықтары арасында мамандар алмасуды көздеп отыр.

KazLLM 2024 жылы ISSAI (Назарбаев Университеті) және Astana Hub серіктестігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің үйлестіруімен әзірленді. Модель қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде 150 миллиардтан астам токен негізінде оқытылған және бүгінде білім беру мен бизнес сервистерінде кеңінен қолданылып келеді.

Әзірленгелі отырған UrduLLM электронды мемлекеттік қызметтерде, білім беру өнімдерінде, ЖИ-көмекшілерде және урду тілінде сөйлейтін миллиондаған пайдаланушыларға бағытталған цифрлық сервистерде қолданылмақ.

Келісім Қазақстанның аймақтық жасанды интеллект орталығы және цифрлық дипломатияның маңызды ойыншысы ретіндегі позициясын нығайта түседі. Өзінің технологиялық базасы, кадрлық әлеуеті мен инфрақұрылымына сүйене отырып, Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері үшін халықаралық технологиялық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырып, басқа мемлекеттерге тәуелсіз әрі мәдени тұрғыдан бейімделген ЖИ-шешімдерді жасауға қолдау көрсетіп отыр.

2025 жылы Барселона қаласында KazLLM халықаралық деңгейде мойындалып, шағын тілдік қауымдастықтарға арналған жасанды интеллектті дамытуға қосқан үлесі үшін GSMA Foundry Excellence Award сыйлығын «Жасанды интеллект» номинациясы бойынша иеленді.