Бұл соманың 46%-ы немесе 20,1 трлн теңгесі қаржылық емес заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің бизнес кредиттеріне берілген. Қалған 23,6 трлн теңге немесе 54%-ы — халықтың мойнындағы кредиттер.

— Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 39,6 трлн теңгені (90,5%), шетел валютасында — 4,1 трлн теңгені (9,5%) құрады. Банк секторының кредиттері кредиттердің жалпы көлемінің 85,6%-ына тең, — деп жазылған Ұлттық банк мәліметінде.

Бұл жердегі кеңейтілген мәндегі экономикаға берілген кредит ұғымы кредиттер бойынша нақты берешектің қалдығы туралы мәліметті білдіреді. Оған:

• банк секторы (екінші деңгейдегі банктер, «Отбасы банкі» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қоса алғанда);
• ипотекалық ұйымдар («Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Экспресс Финанс» Ипотекалық ұйымы» АҚ);
• квазимемлекеттік сектордың басқа субъектілері (нақты секторға кредит беруді жүзеге асыратын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға еншілес «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ);
• микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар берген несие борыштары жатқызылған.

Сонымен қатар Қазақстан халқы микроқаржы ұйымдарына несие есебінде 2,9 трлн теңге қарыз.