Қазақстан дипломы Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия сынды елде жарамды болады
Қазақстан Парламенті қазақстандықтардың дипломдарын Қытай, Оңтүстік Корея және Түркия секілді елдерде жарамды етуге мүмкіндік беретін халықаралық конвенцияны ратификациялады.
Бейсенбі күні Сенаттың пленарлық отырысында «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуына қарағанда, аталған конвенция 2011 жылы 26 қарашада Токиода қабылданған. ЮНЕСКО мақұлдауымен әзірленген құжат Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі елдер арасында жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Осы ретте Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған құжаттың маңызына тоқталды.
«Қаралған құжат тараптар арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Атап айтқанда, Конвенцияның ережелері оған қол қойған елдер арасында біліктіліктің ашық және уақтылы бағалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңның мақұлдануы оған мүше мемлекеттер арасында серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.
Токио конвенциясына бүгінде 12 мемлекет қатысады. Олардың қатарында Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Ресей және Түркия бар.
Құжат қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру жүйесін шетелдік тәжірибеге негіздеп, Қазақстанда алынған дипломды Азия-Тынық мұхиты өңірінде жарамды етеді. Сонымен қатар конвенция аясында жаңа білім беру тәжірибесі мен оқыту технологиясын трансферлеу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Депутаттың айтуына қарағанда, бұл ратификация Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтып, студенттер мен мамандардың біліктілігін арттырады, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің білім беру жүйелерінің интеграциясын күшейтеді.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропа елдерімен Лиссабон және Болон конвенциялары аясында әріптестік орнатылғанын, ендігі мақсат Азия елдерімен байланыс орнату екенін айтқан еді.
Конвенцияға сәйкес, мемлекеттер өзге елде берілген дипломды жарамды деп тануға міндетті. Тек білім беру бағдарламасында айтарлықтай айырмашылық болған жағдайда ғана бас тартуға болады. Айта кетелік, конвенция шеңберінде әрбір қатысушы елде ұлттық ақпараттық орталықтар құрылады. Бұл орталықтар жоғары білім беру жүйесі, аккредиттелген университеттер туралы ақпарат беріп, елдер арасында сенімді дерек алмасуды қамтамасыз етеді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай