Қазақстан Дүниежүзілік банктің статистикалық тиімділік көрсеткіштері рейтиңінде алға жылжыды. 217 ел арасынан еліміз 44-орынға тұрақтап, өткен жылмен салыстырғанда бірден 21 позицияға көтерілгені белгілі болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жазды.

Дүниежүзілік банк жыл сайын халықаралық деңгейде мойындалған дереккөздер негізінде әлем елдерінің статистикалық жүйелерін бағалайтын SPI рейтиңін жариялайды. Бұл көрсеткіш елдердің деректерді жинау, өңдеу және ұсыну сапасын жан-жақты сипаттайды. Бағалау 0-ден 100 баллға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі.

Соңғы бағалау нәтижесіне сәйкес, Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесі 84,9 балл жинаған. Көрсеткіштің өсуіне бірнеше бағыттағы өсім әсер еткен: «Деректерді пайдалану» – +10 балл, «Дереккөздер» – +10,2 балл, «Деректер инфрақұрылымы» – +10 балл, сондай-ақ «Деректерді ұсыну қызметтері» – +1,1 балл.

SPI-2024 рейтиңінің көш басында Норвегия, Швеция және Канада тұр.

Сонымен қатар Қазақстан жаһандық зейнетақы индексіндегі көрсеткіші де орнықты екенін айта кету керек.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай