2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Евразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік үздіксіз қуат көздерінің (ҮҚК) жаңартылған жіктемесі ресми түрде күшіне енді. Бұл өзгерістерге қазақстандық инженерлер бастамашылық жасап, ЕАЭО аясында ескірген техникалық стандарттарды қайта қарауға қол жеткізді.

Жаңартылған жіктеме өнеркәсіптік ҮҚК-ні қарапайым тұрмыстық және кеңселік UPS-құрылғылардан нақты техникалық сипаттамалары бойынша ажыратуға мүмкіндік береді. Бұған дейін 2008 жылғы стандарттарға сүйенген кодтау жүйесі қуатты өнеркәсіптік энергия жабдықтарын құқықтық тұрғыдан кеңселік UPS-пен теңестіріп келген. Бұл жағдай ірі инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіріп, нарықтағы адал бәсекелестікке теріс әсер еткен.

Мәселені шешу үшін МЭК-Астана инженерлері кешенді талдамалық жұмыс жүргізіп, Қазақстанның уәкілетті органдары мен ЕЭК реттеушілеріне қолданыстағы жіктеудің қазіргі экономикалық және технологиялық талаптарға сай келмейтінін дәлелдеді. Соның нәтижесінде кодтаудың бастапқы дереккөзі саналатын Өнеркәсіп өнімі анықтамалығына (СКПП) өзгерістер енгізу рәсімі басталды.

Қабылданған түзетулер нәтижесінде бұрын бір ғана кодпен белгіленіп келген үздіксіз қуат көздері енді 14 жеке санатқа бөлінді. Бұл санаттар жабдықтың қуаты, қолдану саласы және техникалық параметрлерін нақты көрсетеді. Сонымен қатар өзгерістер барлық туынды ақпараттық жүйелерге енгізілді. Атап айтқанда, ЕНСТРУ, ГСВС және Электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесі (ЭШФ АЖ) жаңа жіктемеге толық сәйкестендірілді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Қазақстанның инженерлік және сараптамалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, ЕАЭО аясындағы мемлекетаралық стандарттарды жаңартуға нақты ықпал еткен маңызды прецедентке айналды. Жаңартылған жіктеме өңірлік нарықта әділ әрі ашық бәсекелестікті қалыптастыруға, сондай-ақ ауқымды өнеркәсіптік жобаларды кедергісіз іске асыруға мүмкіндік береді.