Қазақстан астығын өткізу саудасы жаңғырды. Алтын дән Норвегия мен Ұлыбританияға сатылып жатыр

фото: kaz.orda.kz
Биыл майлы дақылдардың алқабы 2024 жылмен салыстырғанда 495,3 мың гектарға, дәнді жүгері алқабы 7,4 мың гектарға ұлғайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауына қарағанда, Қазақстан астығы әлемнің 45-тен астам еліне экспортталып жатыр. Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Қытай және ЕО елдері дәстүрлі өткізу нарықтары саналады. Сонымен қатар астық саудасының жаңа бағыттары да айқындалғаны айтылды:
– Норвегия мен Ұлыбританияға алғаш рет жеткізілімдер жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 15 жылда алғаш рет Солтүстік Африка елдеріне, атап айтқанда Марокко мен Мысырға жеткізілімдер қайта жанданды. Қазақстан астығының тұрақты экспорттық бағытын қалыптастыру перспективасымен Парсы шығанағы елдеріне (БАӘ, Оман, Қатар) логистикалық маршруттар пысықталып жатыр. Сондай-ақ Вьетнамға астықтың сынақ партиясын жеткізу жүргізілу үстінде, – деп хабарлады министрлік өкілдері.
2024-2025 жылдардың қыркүйек-шілде айларында астық пен ұнның астық эквивалентіндегі экспорты 12,4 млн тоннаны құрады. Бұл 2023-2024 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 34 пайызға (9,3 млн тонна) жоғары.