Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын «ақыр аяғында» Ресей салып беретін болды
Ресей Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын салып беретін болды.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мәлім етті.
«Халықаралық сарапшылардың қатысуымен еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтады.
Ашық және бәсекеге қабілетті диалог аясында реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің «қысқа тізіміне» келесі компаниялар енді: «Росатом» (Ресей), «China National Nuclear Corporation» (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея).
Тізімге енген компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынды»,- делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта «Росатом» ұсынған ұсыныстар қарастырылып,Ресей Федерациясы тарапынан қаржы тарту мәселесі пысықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын депутат Мақсат Толықбай Ресейдің санкция астына қалғанын айтып, Қазақстанға атом электр станциясын сала алмайтынын кесіп айтқан еді.
Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр, 6 қазанда өтті.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.
Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.