Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданы, Қарауыл ауылына жиналған көпшілікті «Абай күні» мерекесімен құттықтап, 10 күндік іс-шараның мән-маңызына тоқталды.

— Бүгін біз Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткен 10 күндік мерекенің шарықтау шыңы, соңғы түйіні хакімнің рухы мәңгі тыныс тапқан қасиетті Жидебай жеріне жиналып отырмыз. Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген 10 тамыз – Абай күні құтты болсын!

Қазақ ойын жаңа арнаға салып, дәуірдің бұрылыс кезеңін жасаған дала данышпаны тойы еліміз бен халқымыз үшін айтулы дата, маңызды мерекенің бірі. Себебі, қазақ өркениеті бүгінде Абайға дейін және Абайдан кейін деп сараланады.

Дәуірлерді жіктеген данышпанның тойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын, — деді Берік Уәли.

Cонымен қатар облыс әкімі Абай мұрасының кемелді салаларын жіктеп, адамның рухани кемелденуіне таяныш болар үш негізгі ұстынды атап, ұлттық танымның ұстынына айналуға тиіс тұғырлы дүниенің толық адам ілімі екенін дәйектеді.

— Бұл адамның рухани кемелденуін үш негізде, атап айтсақ, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек сынды үш айнымас темірқазыққа байлайды. Хакім айтатын «қашық болуға тиісті бес нәрсе, бойға сіңірерлік «бес асыл іс», «атаның емес, адамның баласы болу», «адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» осының бәрі де осы ізгі ілімнің тараулы жолы, танымдық негізі.

Абай қазаққа, өзі туған, өзі ержеткен ортаға жаңа сұрақ қойды. Оған дейінгі сұрақтардың дені дидактикалық танымға негізделіп келсе, хакім сұрақты өзгертті: адам деген не, адам не үшін өмір сүреді, билік пен байлықтың мәні қандай, адам болып өмір сүру мен адамзат болып тірлік етудің ерекшелігі қандай деген сұрақтарға жауап іздеді. Заманды жаңа сұрақ өзгертеді. Сұрағы жаңармаған қоғам жаңармайды. Абай қазақ қоғамына ғана емес, адамзатқа ортақ сұрақтарды көп қойды. Өзіне сұрақ қоя алған адам — жаңашыл адам. Оның кез келген қара сөздері мен жырларынан біз өте өзекті сұрақтарға жолығамыз, — деді әкім.

Қазір елде «Абайға құрмет» акциясы өтіп жатыр. Хакімнің тойында орай еліміздің әр өңірі Абай туған аймаққа тарту жасап жатыр. Әкімнің хабарлауына қарағанда, Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығы, Шығыс Қазақстан Ертіс жағажайын жасап беруге ниеттеніп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдірген.

— Абай тойы ең алдымен той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы лазым екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуы тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік, — деді Берік Уәли.

Еске сала кетелік, Қазақстан халқын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.