«Аватар: От пен күл» фильмі әлем бойынша $1 млрд касса жинады
«Аватар: От пен күл» (Avatar: Fire and Ash) фильмі әлемдік прокатта 1 млрд доллар касса жинап, режиссер Джеймс Кэмеронның ең табысты жобасының бірі атанды. Кэмерон түсірген төртінші фильм миллиард доллар межесінен асты. Бұған дейін мұндай көрсеткішке «Титаник», «Аватардың» алғашқы бөлімі және «Аватар: Су жолы» кинотуындысы жеткен еді.
Үшінші бөлім прокатқа шыққанына бар болғаны 18 күн болғанда миллиардтық көрсеткішке жетті. Қазірге дейін фильм АҚШ-та 306 млн доллар, ал халықаралық нарықта 777,1 млн доллар жинаған. Кассалық табыс бойынша Қытай, Франция, Германия және Оңтүстік Корея көш бастап тұр.
The Walt Disney Co. компаниясы жалпы 1,083 млрд доллар табысты «Джеймс Кэмерон франшизасының тағы бір ірі жетістігі» деп атады. «Аватар: От пен күл» 2025 жылы 1 млрд доллардан асқан санаулы голливудтық фильмнің бірі болды. Олардың қатарында «Лило мен Стич» және «Аңдар шаһары 2» бар.
Дегенмен жаңа фильм алдыңғы бөлімнен қарағанда баяу қарқында миллиардқа жетті. «Аватар: Су жолы» 14 күнде бұл нәтижеге қол жеткізсе, 2009 жылғы алғашқы «Аватар» 17 күнде миллиардтан асқан еді. Кейін алғашқы фильм тарихтағы ең табысты кинокартинаға айналып, 2,9 млрд доллар жинады. «Аватар:Су жолы» Кэмеронға 2,3 млрд доллар табыс түсірді.
Қазір үшінші бөлім «Аватар: От пен күл» 2 млрд доллар қаржы жинай ала ма, әзірге белгісіз. Алайда межеленген қаржыны жинамаған күннің өзін де, төртінші бөлімнің түсірілуі әбден мүмкін. Бұған дейін Джеймс Кэмерон франшизаның төртінші және бесінші бөліміне де жоспары бар екенін айтқан. Режиссер тіпті жаңа фильм күткен нәтижені бермесе де, баспасөз конференциясын өткізіп, 4 және 5-бөлімнің сценарийін көпшілікке таныстыратынын жеткізген.
Режиссер Entertainment Weekly басылымына берген сұхбатында: «Фильмнің түсірілімін нақты жалғастырамыз ба белгісіз, алайда көрерменмен қоса өзімізде де үміт бар. Әркез бұл жобаның коммерциялық тұрғыдан өзін ақтайтынын дәлелдеп келеміз», – деді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай