Ауылдық округ әкімдері қатысқан диалог алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдардағы оң өзгерісті атады, деп хабарлайды ELORDAMEDIA Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Президент атап өткендей, кейінгі кезде елде ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жан-жақты жұмыс жүргізіліп келеді. 2022 жылы халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған өңірлік даму тұжырымдамасын бекітті.

— Ауылдарды қолдауға айтарлықтай инвестиция бөлінді. Мысалы 2021 жылдан бері ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін 864 денсаулық сақтау нысаны салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Өткен жылы шамамен 2 мың ауыл мектебі сапалы интернетпен қамтамасыз етілді. Әрине, ауылдарымыздың әлеуеті жыл сайын артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдық елді мекендердің саны көбейді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті. Биыл мемлекет аграрларды қолдауға 1 трлн теңге бөлді. Әлемде фермерлерге осындай ауқымды қолдау көрсететін елдер санаулы, тіпті ондай қаржылық көмек көптеген мемлекеттерде қолжетімсіз. Алдымызда үлкен міндеттер тұр: ауылдағы жағдайды түзеп, жүйелі жұмыс орнату қажет, — деді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 2334 ауылдық округ әкімі сайланғанын хабарлады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай