Аустралияда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынды. 10 желтоқсанда күшіне енген жаңа заң бойынша TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сынды ірі платформаларға тек 16 жастан асқан тұлғалар ғана тіркелуге тиіс. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Ресми дерекке сәйкес, TikTok-та шамамен 200 мың аккаунт бұғатталған, ал жақын күндері тағы жүздеген мың аккаунт өшіріледі. Заңды бұзғаны үшін айыппұл тек платформаларға салынады, балалар мен ата-аналарға жаза қарастырылмаған.

Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезе бұл өзгерісті елдің әлеуметтік және мәдени өміріндегі үлкен бетбұрыс деп атады. Шенеунік балаларды жаңа хобби табуға, спортпен айналысуға, музыкалық аспап үйренуге немесе көптен бері оқылмай тұрған кітапты қолға алуға шақырды.

Алайда бұл шешімді құқық қорғаушылар сынады. Amnesty International Australia тыйымды «тиімсіз шешім» деп бағалады. Ұйым өкілдері интернеттен қолдау тауып жүрген көптеген балалар енді одан ажырап қалуы мүмкін екенін ескертеді. Олардың пікіріне қарағанда, билік платформалардың алгоритмдерін реттеп, қауіпсіздігін арттырудың орнына балаларды мүлде шектеп тастаған.

Айта кетелік, осыған дейін Аустралия билігі 16 жасқа толмаған балаларға YouTube платформасына тіркелуге тыйым салғанын жазған едік. Елдің коммуникациялар министрі Аника Уэллс осындай мәлімдеме жасады. Министр  16 жасқа дейінгі балаларды  «қауіпті алгоритмдерден» қорғау керек екенін айтты.

Бұған дейін 2024 жылы Аустралия үкіметі Facebook, TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу туралы мәселені көтерген болатын. Бірақ о басында қара тізімге YouTube кірмеуге тиіс еді, себебі платформа мектептерде кеңінен қолданылады. Тыйым Facebook, Instagram, TikTok және Snapchat желілеріне де қолданылады. 16 жасқа толмағандар енді бұл платформаларда аккаунт аша алмайды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай