Депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында білім реформасына қатысты маңызды ақпарат бөлісті. Депутаттың айтуына қарағанда, АҚШ пен Еуропа елдері дәстүрлі жазба және ауызша емтихандарға қайта орала бастаған.
— The Economist-тің жаңа мақаласында АҚШ пен Еуропада дәстүрлі жазба және ауызша емтихандарға қайта орала бастаған үрдіс туралы қызық ақпарат берілген. Себебі ЖИ мен түрлі цифрлық құралдар оқушының нақты білімін бағалауды қиындатып қана қоймай, олардың назарын үнемі бөліп отырады.  Кейбір елдер тіпті мектептер мен университеттерде смартфон мен ноутбукты шектеп, қолмен жазуды, мәтінді жаттауды және ауызша жауап беруді қайта күшейтіп жатыр.
Зерттеулер тағы бір маңызды тенденцияны көрсетеді: ауқатты және білімі жоғары отбасылардың балалары интернетті/әлеуметтік желіні анағұрлым аз қолданып, ал латино және афроамерикалық оқушылар арасында оны қолдану деңгейі әлдеқайда жоғарырақ. Gemini мен ChatGPT сияқты ЖИ дәуірінде мектепте назарды сақтайтын орта қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды болып отыр, — деді депутат.
Сонымен қатар депутат қандай дағдыларды күшейту керек екенін жеткізді:
— Ең бастысы– қолмен жазу, оқу, ауызша сөйлеу және сыни ойлау сияқты базалық дағдыларды қайта күшейту қажет. Ал ЖООда дәстүрлі ауызша емтихандар мен объективті бағалау тәсілдеріне көбірек көңіл бөлу мәселесі күн тәртібінде тұр,  — деп жазды Асхат Аймағамбетов.