Атырауда Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар жалғасуда.

3 қыркүйекте кәсіпорын ардагерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, олар зауыттың өндірістік алаңдарын аралады, бүгінгі жетістіктері мен алдағы жоспарларымен танысты. Сондай-ақ жаңартылған мұражайды тамашалап, зауыт тарихынан сыр шертетін құнды экспонаттарды көрді.

ABK Hall-banquet залында «Даңқ жолы. Таспадағы тарих» деректі фильмі мен «Даңқ жолы. Суреттер сөйлейді» кітабының тұсаукесері өтті. Жасанды интеллект технологиясын пайдаланып жасалған фильмде Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу зауытының Ұлы Отан соғысы кезіндегі құрылуы, кеңестік кезеңдегі дамуы және тәуелсіздік жылдарындағы жаңғыруы баяндалады. Онда ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, АМӨЗ директоры Қуаныш Бишімов, ардагерлер мен сала сарапшыларының сұхбаттары ұсынылған.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 1000 данамен жарық көрген кітапта бұрын жарияланбаған тарихи деректер мен сирек фотосуреттер жинақталған.

«Бұл тек естелік материал емес, зауыттың шынайы тарихы, бірнеше буын еңбеккерлердің маңдай тері мен шеберлігінің айғағы. Бүгінгі іс-шара — кәсіпорынның дамуына үлес қосқан әрбір жанға көрсетілген құрмет», — деді Қуаныш Бишімов.

Ардагерлер атынан сөз сөйлеген Эрик Югай жас мамандарға аға буынның дәстүрін лайықты жалғастыруды тіледі.

Шара аймақ әртістерінің концертімен аяқталып, ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді.