Астанадағы халықаралық компанияда қызмет еткен Айнұр Мұханбетжанова ауылға көшіп кетті. Маман компанияның бірсыдырғы жұмысы мен жеке құндылықтарына сай келмейтін ұстанымдарынан шаршаңқыраған айтты. Қазір ол Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауылында тұрып жатыр. 

«Курсив» басылымы Астанадан ауылға көшкен тұрғын жайлы ақпарат бөлісті. 

Айнұр Мұханбетжанова — корпоративті коммуникациялар жөніндегі маман. Білікті маман Англияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыды, кейін халықаралық компанияда мансапқа жетуге ұмтылды, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс атқарып, жемісті еңбек етті. Он жылға жуық уақыт өткен соң, жұмысынан «жерініп»,  қызметтен кеткісі келеді.

«Мен кей адамды көрместей болдым, жоба жүргізуге құлқым болмады, тапсырмалар ешқандай табыс әкелмейтіндей көрінді. Ақырында менің құндылықтарым компанияның құндылықтарына сәйкес келмейтінін түсіндім», — дейді ол.

Содан кейін маман ұзақ уақытқа демалыс алады. Алғаш рет Шығыс Қазақстан облысына келіп, жалға үй алған. Қазір — ауылда: от жағады, пештің күлін шығарады, орманға барады, тауға көз салады, бәліш пісіреді.

«Мен ауылда өмір сүру үшін қала өмірін, пәтерді, жақсы жағдайды, кофеханалар мен мейрамханаларды тәрк еттім».

Ауылға келген ару ай сайын 200 мың теңге жұмсайды. Таңертең жаттығады, орманға барады және медитация жасайды. Таңғы астан кейін жұмысқа кіріседі. Атап айтқанда, жоба жүргізіп, подкаст немесе YouTube контентін түсіреді. Түстен кейін үй шаруамен шұғылданады. Кешке жақын адамдарымен тілдеседі немесе жергілікті кітапханадан кітап оқиды.

Сонымен қатар Айнұр ауылда өмір сүрудің бірқатар қиындықтарын да атап, ауылдағы өмірді идеализациялауға және романтикалауға болмайтынын ескертеді.

Қазір шетелде оқыған маман денсаулық саласына қатысты жобалармен айналысады. The Magic Pill деген денсаулыққа қатысты подкаст жүргізіп, онкология, ми аурулары, аутоиммунды аурулар, репродуктивті денсаулық сынды тақырыптарды талқылайды.