Астанадағы «Жетісу» саябағында қала күніне орай «Qala Fest» фестивалі өтті

2025 жылғы 4 шілдеде Астананың «Жетісу» саябағында Астана күніне орай жастарға арналған «Qala Fest» фестивалі өтті. Іс-шара заманауи мәдениетті, экологиялық сана мен оқуға деген сүйіспеншілікті біріктіретін алаң ретінде ұйымдастырылып, шараға мыңнан аса қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды ELORDA MEDIA.
Фестиваль аясында сағат 16:00 – 19:00 аралығында кітап жәрмеңкесі өтті.
Нақты айтқанда, «Кітаптар жәрмеңкесі» алаңы жасақталды. Жәрмеңкеде сирек кітаптар, балалар және заманауи әдебиет, проза, поэзия жанрын қамтыған туындылар ұсынылды. Жәрмеңкенің ерекшелігі – қатысушылар өзімен бірге оқыған кітаптарын алып келіп, оны жаңа кітаптармен алмастырды.
Сонымен қатар «Эко алмасу» аймағы алаңында қала тұрғындары пластик бөтелкелерді арнайы орнатылған фондаматтар мен контейнерлерге өткізіп, экологиялық сыйлықтарға ие болды.
Фестиваль белгілі қазақстандық орындаушылардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Махан, актер, әнші Қобыланды Болат, Халықаралық конкурстардың лауреаты Айдын Жұмабай, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «ALEM» заманауи би балеті, «КАДИР» ансамблі және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Кеште елорда тұрғындарымен ойындар ойнатылып, қатысушыларға қала тарихына қатысты викориналық сауалдар қойылды. Белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
«Qala Fest» фестивалі – қала тұрғындары үшін саналы өмір салтын, белсенділік пен шығармашылықты дәріптейтін мерекелік алаңға айналды.