Арнаулы тапсырыс, қолөнер элементтері, пәтерден қымбат құн. Байлардың мемлекетке қайтарған топ-5 элиталы қолсағаттары

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қалталы Қазақстан азаматтарының мемлекет меншігіне қайтарып берген ең қымбат аксесуарларын аукционға шығарды. Аукционға шыққан бағалы заттардың арасында құны 150 миллионнан кем тұрмайтын әлемге танылған бренд сағаттар, бағалы әшекейлер бар.
Kursiv.media порталы мемлекет меншігіне өткен аса бағалы сағаттарды сараптап, тізбелеп көрген.
Құны 214 млн тұратын қол сағаттың қазіргі құны 150,1 млн теңге
«Ulysse Nardin classico 789-80» қол сағаты шектеулі данамен шығады. Мұндай аксесуардың әлемде небәрі 30 данасы ғана бар. Циферблаты авантюрин мен 18 карат алтыннан жасалған мүсіншелермен безендірілген. Айта кету керек мүсіншелер қолөнер туындысы. Сағат корпусы платинадан, ал бауы аллигатор былғарысынан жасалған. Аксессуар несімен ерекшеленеді дегенге тоқталсақ, жакемар қимылдары шайқас дыбысымен үндеседі. Корпустың диаметрі 42 мм. Айта кетейік, аталған қол сағаты өткен жылдан бері сатылмай тұр. Бастапқыда мұның бағасы 214 млн теңге деп бағаланған болатын.
2 бөлмелі пәтер бағасына тең қол сағат…
Компания балансындағы «Frank Muller Geneve» маркалары сағаттың да құны арзан емес. Қарапайым азаматтардың қалтасы көтере алмасы сөзсіз. Әу баста 30 миллионға жуықтаған еді, қазір 20,4 млн теңгеге дейін түскен. Бұл бренд те өткен жылдан бері аукцион саудасына шығарылып келеді. Алайда әзірге сатып алатын иесі болмай тұр. Бағасын салыстырмалы түрде алсақ, Астанадағы 2 бөлмелі пәтер бағасына пара-пар. Сипаттамасындағы мәліметке сенсек, сағат 18 караттық қызғылт алтыннан жасалған, корпусы сапфир әйнегімен қапталған. Циферблаты рубиндермен, сапфирлермен және цавориттермен безендірілген, сағат тілі рубиннен жасалған.
«Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser» маркалы қол сағаты да әлі иесін таппады. Қазір оның құны 9 миллионға арзандаған. Бүгінде оның бағасы — 20,3 миллион. Қол сағаттың корпусы 18 каратты алтынмен көмкерілген. Бауының өзі аллигатор былғарысынан тігілген.
Patek Philippe» World Time Complicated Chronograph маркалы қымбат аксесуар да компания балансында тұр. Аукционға шығарылған құны 16,1 млн теңгенің төңірегінде тұр. Сағат корпусы 18 караттық ақ алтынмен көмкерілген, артқы қақпағы сапфир шынысымен қапталған. Әу баста бұл бренд сағаттың құны 23 млн болған, алайда әлі сатып алушы табылмағандықтан, құны 7 миллионға арзандады.
Үздік бестікті «Breguet 3099 BE» маркалы қол сағат түйіндейді. Бағасы 10,7 млн теңгенің шамасында. Корпусы 18 караттық ақ алтыннан жасалған және бриолет гауһар тастармен безендірілген.
Мемлекет меншігіне қайтқан небәрі бес қол сағаттың жалпы құны 220 млн теңгеге жуықтайды. Айта кетейік, аукцион 31 шілдеде өтеді және ағылшын әдісімен, яғни бағаның өсуімен жүзеге асады.