Apple компаниясы дауыс көмекшісі Siri-ді түбегейлі жаңартып, оны жасанды интеллектке негізделген толыққанды чат-бот деңгейіне шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлады. Компания осылайша генеративті жасанды интеллект саласында OpenAI мен Google-ды қуып жетуді көздеп отыр.

Жаңа ассистент Campos деген кодтық атаумен әзірленіп жатыр. Ол жыл соңына қарай iPhone, iPad және Mac құрылғыларындағы Siri интерфейсін толықтай алмастырады деп күтіліп отыр.

Жаңартылған Siri пайдаланушымен мағыналы әрі үздіксіз диалог жүргізе алады, суреттер генерациялайды, жүктелген файлдарды талдайды және интернеттен ақпарат іздеп, дереккөздерді көрсетеді.

Жобаның басты ерекшелігі — жүйемен терең интеграция. Чат-бот экранда не болып жатқанын түсініп, қосымшаларды басқара алатын болады. Мәселен, Siri-ден белгілі бір фотосуретті тауып, оны өңдеуді немесе күнтізбедегі деректерге сүйене отырып әріптеске хат жазуды сұрауға мүмкіндік туады.

Жаңа чат-бот Apple үшін бейімделген Google Gemini моделінің негізінде жұмыс істейді. Компания бұл технологияға қол жеткізу үшін Google-ға жылына шамамен 1 миллиард доллар төлейтіні айтылып отыр.

Технологияның ресми таныстырылымы маусым айында өтетін әзірлеушілер конференциясында күтіледі. Ал жаңа Siri-дің іске қосылуы қыркүйек айына жоспарланған және ол iOS 27 жүйесінің шығуымен қатар жүзеге аспақ.